
Прага, 2024 жылғы 8 маусым – Чех Республикасының Моравия-Силезия өлкесі әкімшілігінің бастамасымен Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Острава қаласында жергілікті кәсіпкерлер мен жоғары оқу орындары үшін «Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы» тақырыбында бизнес-семинар ұйымдастырды.
Іс-шара қатысушылары алдында Моравия-Силезия өлкесінің гейтманы (губернаторы) Йосеф Белица сөз сөйледі. Ол өңірдің қазақстандық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, аталмыш бизнес-семинардың бұған ықпал ететініне сенім білдірді.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев өз сөзінде аудиторияны түрлі салалардағы қазақстан-чех ынтымақтастығының өзекті жай-күйі туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ экономикалық реформалардың негізгі мақсаттарын мен Мемлекет басшысы айқындаған Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттары туралы айтты.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының өңірлік өкілі Ұлбосын Сарыбай іс-шараға қатысушыларды Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырды. Атап айтқанда, қолайлы географиялық жағдайы, табиғи және адами ресурстардың байлығы, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымы мен еліміздің басқа да артықшылықтары атап өтілді.
Бизнес-семинар соңында сөз сөйлеушілер Чех кәсіпкерлері мен жоғары оқу орындарының сұрақтарына жауап берді.