Пржевальский жылқылары Прага хайуанаттар бағынан Қазақстанға жіберіледі

Пржевальский жылқылары Прага хайуанаттар бағынан Қазақстанға жіберіледі

Прага, 2024 жылғы 3 маусым – Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру жобасы аясында Прага-Кбелы әскери әуежайынан осы сирек түрдің алғашқы 3 жылқысы тиелген ұшақ ұшып шықты. Жылқыларды тасымалдайтын чех әуе күштерінің көлік ұшағы Ыстанбұл мен Баку қалаларына аралық қонуды жүзеге асырады және жоспарға сәйкес Арқалық қаласының әуежайына ү.ж. 4 маусымда таңертең келуі тиіс. Бастапқыда Прагадан ұшатын ұшақпен бір уақытта Берлин хайуанаттар бағының аттары тиелген борт Берлиннен ұшуы керек еді, алайда техникалық ақауларға байланысты ұшу кейінге шегерілді.

Алғашқы жануарларды Қазақстанға жөнелтуге байланысты әуежайда Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаевтың, Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобектің және чех БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Өз сөзінде Б.Дүйсенбаев жобаның Қазақстан үшін ғана емес, жалпы планетадағы биоәртүрлілікті сақтау үшін маңыздылығын атап өтті. Қазақ дипломаты сондай-ақ чех тарапына атқарылған жұмыс үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Үкіметі жобаға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.