
Прага, 2024 жылғы 31 мамыр – 2024 жылғы 26-31 мамыр кезеңінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев бастаған Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі делегациясының Чехияға сапары өтті. Іс-шара бағдарламасы аясында қазақстандық делегация Прага, Ческе Будеевице және Чески Крумлов қалаларындағы бірқатар коммуналдық нысандар мен кәсіпорындарды аралап, Чехияның қалалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тәжірибесімен танысты.
Атап айтқанда, сапар қатысушыларына Подоли су тазарту станциясының, Желивка су торабының, сумен жабдықтау объектілерін дамыту және салу жөніндегі компанияның, Прага қаласының көлік кәсіпорнының диспетчерлік орталығының және коммуналдық қалдықтарды жағу арқылы жылу өндіретін қоқыс өңдеу зауытының жұмысы көрсетілді.
Қазақстандық делегация мүшелері Чехия астанасының коммуналдық нысандарымен қатар Оңтүстік Чехия өлкесінің облыстық орталығы – Ческе Будеевице қаласын сумен, көлікпен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін кәсіпорындарымен қоса, қалалық инфрақұрылымның қызметімен танысты.
Сонымен қатар, сапар аясында Чехия қалалары әкімшіліктерінің өкілдерімен, сондай-ақ Чех Республикасы Парламентінің төменгі палатасының депутаты Вера Адамковамен кездесулер өтті.
Іс-шараның соңғы күні қазақстан-чех бизнес-форумы өтті, оған қазақстандық делегация мүшелерімен қатар чех мемлекеттік органдарының, компаниялары мен салалық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев бизнес-форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған маңызды экономикалық міндеттерін атап өтті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін дамыту, қосылған құны жоғары тауарлар өндіру, ауыл шаруашылығы хабын құру бойынша мақсаттарға тоқталды.
Бизнес-форум Қазақстан мен Чехия арасындағы коммуналдық қызмет саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетті.