
Прага, 2024 жылғы 25 мамыр – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі Чехияның Оңтүстік Моравия өлкесінің Корженец ауылында «Масарик демократиялық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған, ұлты чех қазақстандық отандастардың кездесуіне қатысты.
Чехияның түкпір-түкпірінен 80-нен астам отандас жиналған іс-шара аясында өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанның Ақтөбе облысының Бородиновка (қазіргі Қайрақты) ауылында тұрған чех қоныс аударушыларының өмірін бейнелейтін деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, қатысушылардың назарына Қазақстандағы чехтардың тарихы мен олардың атамекеніне оралуы туралы лекция ұсынылды. Өз кезегінде, Қазақстан Елшілігі отандастар үшін концерт ұйымдастырды, онда Чехияда оқитын қазақстандық студенттердің орындауында қазақтың халық әуендері мен танымал отандық композиторлардың шығармалары шырқалды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанда өткізген жылдарын жылулықпен еске алды, олардың көбісі әлі күнге дейін достарымен, әріптестерімен және көршілерімен байланысып тұрады. Олар тілдесу, туған жерлерінде түсірілген кадрларды көру және қазақ музыкасын тыңдау мүмкіндігі үшін шын жүректен ризашылықтарын білдірді.
Анықтама: 1911 жылы Бессарабиядан қазіргі Қазақстанға қоныс аударған бірнеше чех отбасылары Ақтөбеден 120 шақырым жерде елді мекен құрды. Бородиновка ауылы осылай пайда болған.
1990 жылдардың аяғынан бастап Чех Республикасы Үкіметінің бағдарламасы бойынша этникалық чехтардың көпшілігі бірнеше кезеңмен өздерінің тарихи отандарына оралды.