Чехия өңірлері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Чехия өңірлері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Прага, 2024 жылғы 17 мамыр – Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех Республикасының Моравия-Силезия өлкесіне сапармен барды. Сапар аясында аймақ басшылығымен, өңірлік экономикалық палатамен, Острава техникалық университетімен, сондай-ақ кәсіпкерлік топтармен кездесулер өтті.

Өлкенің Гейтманы Йосеф Белицамен әңгімелесу барысында Б.Дүйсенбаев Қазақстанда болып жатқан саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттарын ашты. Атап айтқанда, Чехия тарапына Парламенттің рөлін күшейтуге, экономиканы ырықтандыруға, өңірлік даму мен әлеуметтік салаға бағытталған шаралар туралы ақпарат берілді. Тараптар Қазақстан мен Чехия өңірлері, сондай-ақ олардың экономикалық субъектілері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Экономикалық аспектілермен қатар, тараптар білім беру, мәдениет саласындағы өзара іс-қимылды және екі ел өңірлерінің халқы арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өңірлік экономикалық палатаның төрағасы Рене Колекпен кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздің транзиттік-логистикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтып, чех компанияларын ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика және өзге де салалардағы өндірістік жобаларға қатысуға шақырды. Экономикалық палата өкілдері өзара іс-қимылды жандандыруға және қазақстандық кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.

Острава техникалық университетінің ректоры Вацлав Снашелмен әңгіме барысында Елші Қазақстанның жоғары білім мен ғылым саласын дамыту мәселелеріне маңызды мән беретінін атап өтті. Чехия жоғары оқу орындарының техникалық бейіндегі мамандарды даярлаудағы тәжірибесін ескере отырып, ол сұхбаттасушыны университеттің Қазақстандағы филиалын ашу перспективаларын қарастыруға шақырды. Өз кезегінде ректор қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың өзекті жай-күйі туралы хабардар етті және оның одан әрі дамуына қызығушылық білдірді.

Моравия-Силезия өлкесіне сапары аясында Б.Дүйсенбаев Tatra, Ferrit және Vítkovice Cylinders компанияларының зауыттарына барды. Компания басшылығымен әңгімелесуде ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстандағы чех өндірісін орналастыру перспективалары талқыланды.