
Прага, 2024 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі «Fontes Rerum» Экономикалық, саяси және әлеуметтік зерттеулер бірлестігі ұйымдастырған «Чех компанияларының Қазақстанның энергетикалық, көлік және су жүйелерін жаңғыртуға қатысу перспективалары» тақырыбында бизнес-семинарға қатысты. Іс-шараның модераторы – көрнекті қоғам қайраткері, экономист, Чехияның бұрынғы Өнеркәсіп және сауда министрі Ян Младек болды.
Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне арналған презентация аясында бизнес-семинарға қатысушыларға елімізде өндірістік қуаттарды құрудың артықшылықтары ұсынылды. Атап айтқанда, Орталық Азия мен ЕАЭО елдерінің нарықтарына экспорт үшін мүмкіндіктер ашатын тиімді географиялық жағдай, қолжетімді бағамен шикізат пен энергия тасымалдаушыларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей табиғи ресурстар, мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымы, білікті персонал және басқа да артықшылықтар атап өтілді. Сонымен қатар, чех компаниялары Қазақстан азаматтарының, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық саладағы әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы хабардар етілді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар қатысушыларды мамыр айының соңында жоспарланып жатқан коммуналдық инфрақұрылымды құру және реттеу саласындағы чех тәжірибесін зерделеуге бағытталған Қазақстан қалалары әкімдіктері делегациясының алдағы сапары туралы хабардар етті.
Қазақстандағы күрделі су тасқыны жағдайына байланысты чех бизнесінің өкілдері су тасқынының салдарын жою, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша тәжірибе мен технологиялармен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.
Бизнес-семинарға өнеркәсіптік, энергетикалық, сауда және көлік компанияларының 20-дан астам өкілдері қатысты.