
Прага, 2024 жылғы 1 сәуір – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен «Тарлан» Чехидағы қазақстандық жастар қауымдастығы Наурыз мейрамын атап өтуге байланысты мерекелік іс-шара өткізді. Оған Чехияда тұратын және жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар, Чехияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер және Елшілік өкілдері қатысты.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев қонақтарды көктемгі жаңару мерекесімен құттықтай отырып, биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланып жатқанын атап өтті. Енді жаңару мен жаңғыру мерекесі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін «Наурызнама» онкүндігі аясында кеңінен тойланатын болады.
Мерекелік шара аясында студенттердің орындауындағы қазақтың ұлттық ән-күйлері шырқалып, түрлі спорттық және зияткерлік байқаулар ұйымдастырылды. Қонақтарға наурыз-көже, палау, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент сияқты қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайылды.