
Прага, 2024 жылғы 18 наурыз – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдық мерейтойына орай Прага қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттерге көрнекті ғалымның өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильмнің көрсетілімін ұйымдастырды.
Деректі фильмде Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қ.Сәтбаевтың өмірі, оның еліміздің ғылымының, экономикасының, білім беру саласының дамуына қосқан еңбектері мен ғылыми жаңалықтары туралы айтылды.
Іс-шара барысында Елшілік өкілдері студенттерге ұлы тұлға туралы мағлұмат берді, сондай-ақ кез келген табыста үлкен еңбек, қажыр-қайрат, табандылық пен білімге деген ұмтылыстың маңыздыдылығын атап өтіп, жастарды ерінбей ізденуге, оқуға, еңбектенуге шақырды.
Студенттер фильмнен алған әсерлерімен бөлісіп, қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің тағдырымен таныстыратын іс-шараларды өткізуге үлкен қызығушылық танытты.