
Прага, 2023 ж. 20 желтоқсан – Прагада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Қазақстан мен Чехия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Қазақстан-чех музыкалық кеші өтті.
Чехия Музыкалық өнер академиясының Богуслав Мартину залында өткен іс-шарада домбырашылар студенттік ансамблінің сүйемелдеуімен танымал қазақстандық виолончелист Эльдар Сапараев және чех пианисті Мартин Маректің сүйемелдеуімен көрнекті чех баритоны Филипп Банджак өнер көрсетті.
ҚР Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан мен Чехия арасындағы достық байланыстарды нығайтудағы «мәдени дипломатияның» маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, ол мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге және өзара мәдени баюға ықпал ететінін айтты.
Сондай-ақ, Елші чехиялық серіктестер мен Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге осы іс-шараны дайындауға және өткізуге белсенді ат салысқандары үшін алғысын білдірді.
Музыкалық кеште Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қуат Шілдебаев, Хамит Шаңғалиев, Антонин Дворжак, Богуслав Мартину, Себастьян Бах және т.б. қазақ, чех және шетелдік композиторлардың шығармалары шырқалды.
Чехиялық көрермендер белгілі қазақ әуендерін орындау кезінде домбыраның виолончельмен үйлескен ерекше үнін жоғары бағалады.