Прагада Республика күні атап өтілді

Прагада Республика күні атап өтілді

Прага, 2023 жылғы 25 қазан – Прагада Республика күніне орай салтанатты қабылдау өтті. Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Чехияның саяси және қоғам қайраткерлері, депутаттық корпус мүшелері, мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік саланың, болу елінің академиялық және ғылыми топтарының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық диаспора мен студент жастар қатысты.

Салтанатты кештің құрметті қонақтары қатарында ЧР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йиржи Козак пен Чехияның экс-президенті, белгілі экономист және қоғам қайраткері – Вацлав Клаус болды.

Елші Бақыт Дүйсенбаев өзінің құттықтау сөзінде Республика күнінің басты мемлекеттік мереке ретіндегі тарихи маңыздылығына назар аударды. Б.Дүйсенбаев Қазақстанның өткен жылдары қол жеткізген ішкі саяси, экономикалық және халықаралық салалардағы ілгерілеуін атап өтіп, одан әрі жан-жақты дамудың маңыздылығына баса мән берді. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстандағы өзекті саяси және экономикалық өзгерістердің негізгі аспектілері ұсынылды.

Чехия тарапынан бас қонақ ретінде ЧР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йиржи Козак сөз сөйледі. Ол қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатын атап өтіп, өзара қызығушылық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Бағдарламаның мәдени бөлігінде атақты виолончелист әрі дирижер, халықаралық сыйлықтардың лауреаты Эльдар Сапараев және Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер өнер көрсетті. Қонақтардың назарына Құрманғазы, Қ.Шілдебаев және А.Дворжак сияқты қазақ және чех композиторларының танымал туындылары ұсынылды.