Қазақстан Республикасына кіруге алдын ала электрондық рұқсат алу талабы Қазақстанмен визасыз режим қолданылатын 85 мемлекеттің азаматтарына қатысты.
Маңызды. 2026 жылғы 1 қарашадан 2027 жылғы 30 маусымға дейін электрондық рұқсаттың болмауы аталған негіз бойынша елге кіргізуден бас тартуға әкеп соқпайды. Бұл кезеңде шетел азаматына рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
Өтініш беру. Өтініш Қазақстанға жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын QazETA цифрлық платформасы арқылы электрондық түрде беріледі. Өтініш берушіні сәйкестендіру және (немесе) аутентификациялау көзделген.
Рұқсаттың қолданылу мерзімі. 180 күнтізбелік күн. Қазақстан аумағында болуға рұқсат етілген мерзімдер Қағидалардың 14 және 24-тармақтарына сәйкес бөлек айқындалады.
Ресімдеу ақысы. 0 теңге.
Шекарада ұсынылатын құжат. Мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде өтініш беру барысында пайдаланылған жарамды паспорт немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжат ұсынылады.
Шекаралық тексеру. Электрондық рұқсаттың болуы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша елге кіргізуден бас тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Растайтын құжаттары болған жағдайда рұқсат ресімдеуден босатылатын адамдардың 29 санаты көзделген.
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілетін, дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
5) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәлігінің иелері;
6) курьерлік парағы болса, дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
7) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтары;
8) он алты жасқа толмаған адамдар;
9) алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
11) Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары;
12) Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетел азаматтары;
13) Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар;
15) баспана іздеуші адамдар;
16) бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
17) кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде тиісті жазбасы болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
18) әрбір рейске бекітілетін құрамдау тізімдері бойынша пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
19) Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері;
20) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
21) мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар;
22) қызметтік куәліктері (ұйымдар басшылығы мен (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
23) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары;
24) Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
25) егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделсе, іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдар;
26) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін келген адамдар;
27) шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадасының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері;
28) халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын);
29) жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар босатылады.
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша электрондық рұқсат беруден бас тартылады.
Электрондық рұқсаттың күші келесі жағдайларда жойылады:
Рұқсат беруден бас тарту немесе оның күшін жою туралы хабарлама шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.