
Қазақстан Республикасы мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастар 2006 жылғы 14 шілдеде орнатылды. 2024 жылғы тамызда Подгорица қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылып, бұл оқиға екі ел ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерді. Бас консулдықтың қызметі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Жоғарғы және жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар
Қазақстан мен Черногория мемлекет басшылары деңгейінде өзара байланыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. 2010 жылғы 1–2 желтоқсанда Черногория Президенті Филип Вуянович Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты. 2023 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Нью-Йорк қаласында Черногория Президенті Яков Милатовичпен келіссөздер өткізді. Сондай-ақ 2021 жылғы 15–16 шілдеде Черногория Премьер-Министрінің орынбасары Дритан Абазович Қазақстанға сапар жасап, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминмен және бірнеше министрліктің басшыларымен кездесті.
Парламентаралық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Черногориямен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
Парламентаралық деңгейдегі маңызды оқиғалардың қатарында 2015 жылғы наурызда Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың Черногорияға сапары мен 2019 жылғы 22–25 қыркүйекте Черногория Скупщинасының Президенті Иван Брайовичтің Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия елдері парламент спикерлерінің IV кеңесіне («Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Ынтымақтастық») қатысу үшін сапарын атап өтке жөн.