Әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндірушілердің бірі «Saint-Gobain» Қазақстанға инвестиция сала бастады

Әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндірушілердің бірі «Saint-Gobain» Қазақстанға инвестиция сала бастады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Франциядағы ҚР Елшілігінің және «Kazakh Invest» АҚ-ның қолғабыс көрсетуімен француз индустриясы флагмандарының бірі - «Saint-Gobain» компаниясының қазақстандық құрылыс материалдарын шығаратын «Жамбылгипс» (Тараз) зауытын сатып алуы және Қазақстандағы инвестициялық қызметін бастауы бойынша келіссөздер сәтті аяқталды. Экономикаға жоспарланған капитал жұмсалымының көлемі шамамен 15 миллион АҚШ долларын құрайды.

Үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінде Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевпен телефон арқылы сөйлесу барысында компанияның ТМД елдері бойынша бас директоры Антуан Пейрюд «Saint-Gobain» тарихындағы алғашқы өндіріс орнының Орталық Азияда пайда болуы компанияның Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріндегі позициясын нығайтатынын атап өтті. Өндірісті жаңартқаннан кейін зауыт жыл сайын 100 мың тонна құрғақ қоспалар мен 4 миллион шаршы метр гипсокартон өндіретін болады. Осы көлемнің шамамен төрттен үш бөлігі жергілікті нарықта сатылады, қалғаны Қырғызстан мен Өзбекстанға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат бұл келісімді елдің әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды инвестициялық жоба деп атады.

Пандемияның салдарына қарамастан, қазіргі кезеңде инвестиция тарту және технологиялар тұрғысынан алдағы жылдары Франциямен экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін айтарлықтай қолайлы жағдай бар.

Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жуырдағы Жолдауында атап көрсетілгендей, «әлемдегі жаңа жағдайда елге инвестицияларды тарту және отандық тауарлар мен қызметтерді экспорттау Үкімет үшін ерекше басымдыққа ие».

«Saint-Gobain» - штаб-пәтері Парижде орналасқан әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндірушілерінің бірі. 2019 жылы айналымы 42,5 миллиард еуроны құраған компанияның негізгі профилі - бұл гипсокартон, құрылыс қоспалары, жылу оқшаулағыш материалдар, сәулеттік және автомобиль әйнектері, беріктігі жоғары керамика және басқа да жоғары сапалы құрылыс материалдарының өндірісі. Әлемнің 69 елінде «Saint-Gobain» өкілдігі бар, онда 180 000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Компания 1665 жылы Людовик XIV бұйрығымен Францияда корольдік айна фабрикасы ретінде құрылған болатын.