Париж, 2025 жылғы 11 наурыз - Францияның жоғары экономикалық және коммерциялық ғылымдар мектебінің (ESSEC) профессоры Филипп Ле Кордың басшылығымен осы оқу орнының студенттері Қазақстанның экономикалық әлеуетімен және инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу мақсатында Қазақстанның Франциядағы Елшілігіне келді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломаттар Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық саладағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуы барысында қол жеткізілген маңызды оқиғалар мен 2024 жылғы нәтижелер таныстырылды. Сауда байланыстары мен көлік ағындарын кеңейтудің перспективалық бағыты ретінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар сондай-ақ Қазақстандағы алдағы оқиғалармен, оның ішінде "Астана" халықаралық форумымен және NEO Nomad цифрлық көшпенділер үшін жаңа визаның енгізілуімен танысты.
Студенттер талқыланған мәселелерге қызығушылық танытып, түрлі сұрақтар қойды. Атап айтқанда, оларды еліміздің көрші елдермен сауда қатынастары, ТХКМ арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту перспективалары, сондай-ақ қазақстандық экспорттаушыларды қорғау жөніндегі үкіметтік шаралар қызықтырды.