
Биыл Қазақстан және бүкіл әлем Шығыстың ұлы философы әрі ғалымыӘбу Наср әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойын атап өтуде.
Біріккен Ұлттардың білім, ғылым жіне мәдениет жөніндегі ұйымының 40-шы Бас конференциясын қарарымен аталған мерейтой ЮНЕСКО-ның естелік даталар күнтізбесіне енгізілді. Тиісті ұсынысты Қазақстан Респуликасы және Иран Ислам Республикасы Ирак Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасының қолдауымен жасады.
Мұсылман әлемінің ортағасырлық философиясының көрнекті өкілі саналатын әл-Фараби еліміздің Түркістан облысының аумағында Арыс және Сырдария өзендерінің қосылу аймағында орналасқан Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген.
Сол кездерде Отырар Шығыс Азияны Таяу Шығыс және Еуропамен жалғайтын Жібек жолының тораптарындағы маңызды сауда, саясат және мәдениет орталығы болған.
Оның өмірбаяны жайындағы дереккөздерді зерттеген ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда әл-Фараби жас кезінде өңірімізде білім алудың ірі орталықтары болған Бұхара мен Мервта оқыған. Кейінірек жаңа білім іздеп, ол Орта Азия, Иран және араб елдері арқылы мыңдаған шақырым жол кешті.
Саналы өмірінің көп жылдарын сол заманда мұсылман әлемінің астаналары болған Бағдад пен Каирде өткізді. Ұлы ғалым өмірінің соңғы жылдарын Дамаскіде тұрып, сол жерде 950 жылы сексен жасында дүниеден өтті.
Әл-Фарабидің Аристотель, Платон және басқа да ежелгі грек ойшылдарының кітаптарымен танысуға мүмкіндігі болды және оларың жазғандарына берген пікірлері мен түсініктемелері жерлесіміздің философиядағы перипатетикалық мектептің мұсылман тармағындағы маңызды тұлға ретінде танылуына және «Екінші ұстаз» аталуына (біріншісі Аристотель болды) жол ашты.
Әл-Фараби өзінен кейін аса бай ғылыми мұра қалдырды. Оның ішінде білімнің бірнеше саласын қамтитын 200-ге жуық трактат бар. Сондай-ақ, ол Аристотельдің «Категория», «Герменевтика», «Топика», «Аналитика» (1-ші және 2-ші), «Софистика», «Риторика», «Логика» және «Поэтикасына», Порфирийдің «Философияға кіріспесіне» және басқа да ежелгі грек ойшылдарының еңбектеріне терең түсініктемелер берді. Ғалымның ең танымал дербес туындыларының арасында «Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Философиялық еңбектер», «Логикаға кіріспе» және «Музыка туралы үлкен кітапты» атап өтсе болады.
XIII ғасырдан бастап әл-Фараби еңбектері Еуропада латын және иврит тілдеріне аударыла бастады, ал оның ғылыми мұрасына ең ауқымды зерттеулер XIX ғасырдан бастап жүргізіліп келеді.
Әл-Фараби есімі күллі адамзатқа ортақ ғылым мен мәдениет тарихына енді. Оның тың идеялары мен ежелгі грек ойшылары еңбектерінің қайта танылуына сіңірген еңбегі Еуропада Ренессанс дәуірінің басталуына жағымды жағдай қалыптасуына ықпал етті және Шығыс пен Батыс өркениеттерін, Ислам философиясын ежелгі грек, христиан және еврей философиясы мектептерімен байланыстыратын маңызды буын болды.