Франция Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі  

Франция Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі   

Париж, 2025 жылғы 12 ақпан – Парижде Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Өнеркәсіп және энергетика мәселелері жөніндегі министр-делегаты Марк Ферраччимен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Франция күшейтілген стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Француз министрі 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Парижге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалап, бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылуына қолдау білдірді, сондай-ақ жаңа екіжақты бизнес-бастамаларды дамытуға қызығушылығын растады.

Кездесу барысында энергетика саласындағы және сындарлы маңызды материалдар бойынша ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Осыған байланысты тараптар 2024 жылғы қарашада жоғары деңгейдегі сапар аясында қол қойылған Сындарлы минералдар бойынша стратегиялық әріптестік жол картасын іске асыру бойынша нақты қадамдарды айқындауға уағдаласты.

Сонымен қатар, келіссөздер барысындағы маңызды тақырыптардың бірі Қазақстанның экономикалық саясаты, атап айтқанда экономиканы әртараптандыру, өңдеуші секторды дамыту және қолайлы инвестициялық климатты жетілдіру жөніндегі шаралар да болды. Осы тұрғыда атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, өнеркәсіп, туристік инфрақұрылым салаларындағы перспективалық жобалар қарастырылды.

10-11 ақпанда Парижде өткен Жасанды интеллект жөніндегі іс-қимылдар саммитінің қорытындылары аясында (онда Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан ғана  қатысты), М.Ферраччи Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің даму барысына қызығушылық танытты. Бұл ретте Елші Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын құру жоспарларымен бөлісіп, сондай-ақ цифрландыру саласындағы, оның ішінде халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы жетістіктер туралы айтып берді.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Министр М.Ферраччиге 29-30 мамырда өтетін Astana International Forum-ға ресми шақыруды табыстады, сондай-ақ екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жолдарын талқылау үшін Қазақстан-Франция бизнес-форумына қатысуға шақырды. Өз кезегінде, М.Ферраччи Францияның аймақтағы негізгі әріптесі болып табылатын Қазақстанға алдағы уақытта сапармен баруға ниет білдірді.