
Париж, 2025 жылғы 7 ақпан – Шетелде қазақ тілді ілгерілету шеңберінде Қазақстанның Париждегі Елшілігі Ұлттық шығыс тілдері және өркениеттер институтына (INALCO) қазақ тілі оқулықтарын, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі басқа да материалдарды сыйға тартты.
Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, INALCO университетінің президенті Жан-Франсуа Юше, INALCO профессоры, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеуші Катрин Пужоль, сондай-ақ Ұлттық тілдер және өркениет кітапханасының (BULAC) өкілдері және осы оқу орнында қазақ тілін оқып жүрген студенттер қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі INALCO және BULAC басшылығына 2023 жылдан бастап қазақ тілін үйрену бағдарламасын қайта енгізуге қолғабыс көрсеткені үшін алғысын білдірді. Елші мемлекеттік тіл бойынша оқу материалдарын тапсыру екіжақты байланыстарды нығайтудағы, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени алмасуды ілгерілетудегі маңызды қадам екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломаттар іс-шараға қатысушыларды “Отандастар” қоры ұйымдастыратын шетел азаматтары үшін қазақ тілін оқыту бойынша онлайн-курстар, “Абай институты” мобильдік қосымшасы және “Bilimland” платформасы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, олар тілді үйрену үшін тегін ресурс ретінде ұсынылады.
Өз кезегінде, INALCO президенті тапсырылған оқу-әдістемелік материалдар қазақ диаспорасының өкілі Құралай Қалиева университетте оқытатын еліміздің тарихын, мәдениетін және қазақ тілін тереңірек зерттеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу соңында қатысушылар екі ел арасындағы тілдік және мәдени алмасуды кеңейту жоспарларын талқылады. Сондай-ақ, BULAC өкілдері кітапхана мұрағатын қазақ тіліндегі кітаптар жинағымен толықтыруға қызығушылық білдірді. Мәдени байланыстарды қолдау белгісі ретінде – Гиме Азия өнер мұражайында өтіп жатқан “Қазақстан: Ұлы Дала қазынасы” көрмесіне бару ұсынылды.
BULAC – BULAC – тілдер мен өркениеттерді зерттеуге бағытталған және 1991 жылы құрылған Университет кітапханасы. Францияның жеті ірі жоғары оқу орындарының, Inalco қоса алғанда, бірегей кітаптарының, оқу құралдарының, тарихи құжаттарының және артефактілерінің жинақтарын біріктіреді.