Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова “Бранли жағалауы - Жак Ширак мұражайының” (Musée du quai Branly - Jacques Chirac) президенті Эммануэль Касарерумен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Бірлескен жобаларды, атап айтқанда көрмелерді қазақ мәдени және тарихи мұрасын заманауи өнер мен үрдістерге байланыстыра отырып өткізу мүмкіндігіуне ерекше назар аударылды.
Айта кететін жайт, мұражайдың қорында қазақ мәдени мұрасына жататын төрт жәдігер сақталған. Сонымен қатар, мұражай жыл сайын бірегей өткен мен қазіргі заманды байланыстыратын жобаларды таңдау мақсатында стипендия мен байқаулар өткізіп тұрады. Мысалы, 2024 жылы қазақстандық суретші Аида Әділбек мұражайдың жүлдесін жеңіп алып, "Öleñmen jer qoïnyna kirer deneñ" / "Ton dernier repos sera bercé par des chants" атты иммерсиві авторлық жобасын мұражайда өткізді.