Францияда парламентаралық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды

   Францияда парламентаралық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды

 

Париж, 5-6 ақпан – Парижге жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «Қазақстан-Франция» достық тобының төрағасы А.Құспан француз парламентшілерімен келіссөздер жүргізді

ФР Ұлттық Ассамблеясының «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы А.Арманмен және оның мүшесі А.Женетемен кездесу барысында сұхбаттасушылар екі елдің стратегиялық әріптестігінің жоғары динамикасын атап өтіп, көлік-логистика, энергетика, АӨК, білім, мәдениет, туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың келешектегі бағыттарын талқылады.

Қазақстан мен Франция депутаттары соңғы үш жылда мемлекет басшылары өзара сапарлары кезінде қол жеткізген көптеген уағдаластықтардың іске асырылуына атсалысуға келісті.

Өңіраралық және «ҚР-ЕО» бағыты бойынша қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселелері қозғалды.

Келіссөздерді қорытындылай келе, депутаттар екі елдің парламенттеріндегі достық топтары арасындағы байланыстарды нығайту туралы келісімге келді.

ФР Ұлттық Ассамблеясы сыртқы істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Б.Фукспен жеке кездесу барысында тараптар Қазақстанның орта держава ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін растай отырып, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

А.Құспан француз әріптесіне Қазақстанның халықаралық бастамалары, оның ішінде алдағы Astana International Forum туралы ақпарат беріп, оған қатысуға шақырды.

Әңгімелесу соңында тараптар белсенді парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендіктерін құаттады.