Францияда қазақ диаспорасымен ынтымақтастық нығайып келеді

Францияда қазақ диаспорасымен ынтымақтастық нығайып келеді

Париж, 2025 жылғы 30 қаңтар - Қазақстанның Елшілігінде Франциядағы қандастарды біріктіретін "AKFT" ұйымының жаңа төрағасы Режеп Гюнаймен және оның бірқатар аға буын өкілдерімен кездесу өтті.

Сұхбат барысында Елші Гүлсара Арыстанқұлова Қазақстанның қазіргі кезеңдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-білім салаларындағы дамуы мен елде іске асырылып жатқан ауқымды өзгерістер жөнінде баяндап берді. Қандастарға арналған мемлекет тарапынан жанжақты қолдау мен тарихи отанмен байланысты күшейтудің жаңа мүмкіндіктері туралы, оның ішінде "Отандастар" қорының қызметі жөнінде толық ақпарат берілді. 

Сонымен қатар, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығайып жатқаны туралы айтылып, екі ел арасындағы байланыстар мен қазақ мәдениеті мен тілін француз жерінде дәріптеуге атсалысып жүрген қандастарға алғыс білдірілді. Осы ретте Францияның жоғары оқу орындарының бірі Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтында Inalco қазақ тілінен сабақ беріп жүрген диаспора өкілі Құралай Қалиеваның еңбегі ерекше атап өтілді. 

Өз кезегінде диаспора өкілдері Қазақстанның даму серпінін, ел ішінде және сыртқы саясатта жүзеге асырылып жатқан қадамдары мен іс-шараларына әрқашанда қолдау білдіретіндерін жеткізді. 300 отбасынан (шамамен 900 адам) тұратын диаспораның тұрмысы мен қоғамдық өмірі туралы баяндап, әсіресе жас буын өкілдерінің Атамекенмен байланыстарын күшейтуге, ана тілі мен ұлттық дәстүрлерді сақтауға бағытталған іс-қимыл мен әрекеттері жөнінде бөлісті.

Әңгіме барысында Елшілік пен AKTF өкілдері алдағы уақыттағы жоспарларын талқылап, білім-ағартушылық, спорттық және мәдени іс-шараларды, Наурыз мерекесін қоса алғанда, бірлесе өткізуге келісті.

Кездесу соңында Елшілік тарапынан қазақ диаспорасына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігі қуатталды.