Парижде Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту жоспарлары талқыланды

Парижде Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту жоспарлары талқыланды

Париж, 2025 жылғы 24 қаңтар – Парижде Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың, Францияның Сыртқы сауда жөніндегі кеңесшілері кеңесінің (CCE) Президенті Софи Сидостың, Қазақстан-Француз Іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Ги Сидостың, Франция кәсіпкерлерінің ірі қауымдастығы MEDEF өкілдерінің және Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ғалымжан Дұғаловтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі 2024 жылғы 4-5 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген келісімдерді еске салып, екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығы үшін ашылған жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. Сонымен қатар, ол шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру туралы ақпарат ұсынды және 2025 жылы Қазақстанда өтетін негізгі іс-шаралар, соның ішінде «Астана» халықаралық форумы (AIF, 29-30 мамыр) туралы мәлімет берді.

Өз кезегінде, Софи Сидос, ОверньРонаАльпы өңіріндегі Қазақстанның Құрметті консулы қызметін атқара отырып, Францияның сыртқы сауда кеңесшілерінің, соның ішінде Қазақстандағы қызметі туралы айтып, қазақстандық бизнес өкілдерімен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуға дайын екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары энергетика, сирек кездесетін материалдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен және логистика салалардағы екіжақты жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Осыған байланысты, француз делегацияларының Астанаға және қазақстандық мемлекеттік органдар мен компаниялардың Парижге салалық сапарларын ұйымдастыруға жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Дөңгелек үстелдің соңында тараптар алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыс жоспарын, соның ішінде Астанада Қазақстан-француз бизнес-форумын ұйымдастыру мәселесін пысықтауды белгіледі.

***

Францияның Сыртқы сауда жөніндегі кеңесшілері кеңесі (Conseillers du Commerce Extérieur de la France, CCE) – француз экономикасын дамытуға 120 жылдан астам уақыт бойы ерікті түрде белсенді қатысып келе жатқан кәсіпорын басшылары мен халықаралық сарапшылар қауымдастығы. Бүгінгі таңда оның құрамында Францияда және әлемнің 150-ден астам елінде шамамен 4 600 мүше бар.

«Vicat» холдингінің вице-президенті Софи Сидос CCE Президенті қызметіне сайланған алғашқы әйел. «Vicat» компаниясы Қазақстанда 2007 жылдан бері  Жамбыл облысында салған зауытта цемент өндіріп келеді.