Қазақстан мен Франция: стратегиялық әріптестікті нығайтудың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Франция: стратегиялық әріптестікті нығайтудың жаңа кезеңі

Париж, 2024 жылғы 9 желтоқсан - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі 2024 жылғы 4-5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы көпжоспарлы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға Франция мемлекеттік органдарының, компанияларының, ғылыми және сараптамалық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова өз сөзінде Президент Қ.Тоқаевтың сапарының қорытындылары туралы мәлімдеп, бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтылған әріптестік деңгейіне көтеруге ықпал еткенін атап өтті.

Сонымен қатар, Елші 2024 жылы екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуы барысында қол жеткізілген маңызды оқиғалар мен нәтижелер туралы ақпарат берді. Соның ішінде: Қазақстанның ақпан және қазан айларында Парижде және Клермон-Ферранда өткен ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысуы, желтоқсанда Сауд Арабиясында COP16 алаңында өткен Қазақстан мен Францияның бірлескен «One Water Summit» өткізуі, сондай-ақ қарашада Гиме азиялық өнер мұражайда «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің ашылуы.

Бұған қоса, Елші Мемлекет басшысының басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалардың қайтымсыздығын, сондай-ақ экономиканы жаңғыртуға және елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралардың маңыздылығын атап өтті. Инвесторлар мен туристер үшін бірегей бағыт ретінде Қазақстанмен танысуға шақыратын «Born Bold Kazakhstan» жаңа имидждік науқанына ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында қазақстандық дипломаттар «One Water Summit» қазақ-француз бастамасының қорытындыларын, сондай-ақ негізгі уағдаластықтар мен екіжақты экономикалық жобаларды іске асыру барысын егжей-тегжейлі баяндады.

Өз кезегінде қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру, мәдениет, археология, мұражай ісі сияқты салаларда қызығушылықтарын білдіре отырып, белсенді пікір алмасты. Экономика саласындағы мазмұнды бағдарлама, екі мемлекет арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейі, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі геосаяси контекстегі өңірлік және халықаралық рөлі артып келе жатқанын атап өтілді.