Қазақстан Франциядағы Мал шаруашылығы саммитінің құрметті қонағы

Қазақстан Франциядағы Мал шаруашылығы саммитінің құрметті қонағы

Клермон-Ферран, 2024 жылғы 5 қазан – 1-4 қазан аралығында Клермон-Ферран қаласында Еуропадағы ең ірі іс-шаралардың бірі болып табылатын және мал шаруашылығын тұрақты дамыту тақырыбына маманданған 33-ші Мал шаруашылығы саммиті өтті.

Қазақстанның Франциядағы Елшілігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұлттық стенд ұйымдастырып, онда 30 отандық компания өнімдерінің 70-тен астам атауы таныстырылды.

Көрме аясында қазақстандық делегацияның бағдарламасы Boehringer Ingelheim, Synetics, Limagrain француз компанияларымен және «FEDATEST» қой шаруашылығы саласына арналған генетикалық орталық, Шароле тұқымды етті ірі қара мал өсіру фермасы және «Auriva» генетикалық селекция орталығы сияқты агро-қауымдастықтармен кездесулерді қамтыды.

Сонымен қатар, еліміздің саммитке құрметті қонақ ретінде қатысуына орай өткізілген «Қазақстанның мал шаруашылығы секторының сын-қатерлері мен мүмкіндіктері» атты конференция барысында қазақстандық АӨК өнімдерінің еуропалық нарыққа экспортын ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы әлеуеті таныстырылды. Аталған іс-шараға Қазақстан мен Францияның 100-ден астам кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша Әулиекөл тұқымы жөніндегі республикалық палата мен Францияның Шароле тұқымының Ұлттық қауымдастығы, «Elite Export» және «France Group Consulting Bureau» арасында Асыл тұқымды іс саласындағы ниеттер туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, «Қайып Ата» ЖШС және «PEGASE BVS» компаниялары арасында жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Саммитте 70 тұқымның 2000 жануарлары мен 1650 көрме қатысушылары ұсынылды. Іс-шараға әлемнің 35 елінен 300-ге жуық шетелдік компания, жалпы алғанда 120 мыңнан астам адам қатысты.