Қазақстанның өсіп келе жатқан геостратегиялық рөлі француздық Think tank-те талқыланды

Қазақстанның өсіп келе жатқан геостратегиялық рөлі француздық Think tank-те талқыланды

Париж, 2024 жылғы 16 қыркүйек - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Францияның халықаралық және стратегиялық қатынастар институтымен (IRIS) бірлесіп «Қазақстан: жаңа геостратегиялық эпицентр?» атты тақырыпта конференция өткізді.

Іс-шарада IRIS қауымдастырылған ғылыми қызметкері, профессор Эммануэль Ланко, Париж-Сакле университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының бұрынғы директоры Адриен Фов, Өркениеттердің ұлттық тілдер институтының (INALCO) профессоры Катрин Пужоль, сондай-ақ «Vicat» француз компаниясының бас директоры, Франция-Қазақстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ги Сидос сөз сөйледі.

Конференция тақырыбы француз жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, бұған көптеген қатысушылар, соның ішінде IRIS тыңдаушылары, басқа жоғары оқу орындарының студенттері мен докторанттары, сарапшылар, талдаушылар, кәсіпкерлер мен журналистер себепкер болды.

Іс-шара барысында Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі аспектілері, оның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан рөлі, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық позициясы, сондай-ақ еліміздің табысты әлеуметтік және экономикалық даму ерекшеліктері талқыланды. Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша алдағы жалпыұлттық референдумды қоса алғанда, энергетикалық мәселелерге ерекше назар аударды.

Конференция соңында сұрақ-жауап сессиясының қорытындысы бойынша Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова аудитория алдында сөз сөйледі. Қазақстандық дипломат Қазақстанның халықаралық аренадағы өз аймағында да одан тыс жерлерде де қауіпсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға қабілетті «Орта держава» ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. Бұған қоса, Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттермен таныстырды.