
Париж, 2024 жылғы 24 тамыз – Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Ұлттық паралимпиадалық комитетпен және Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы РМҚК-пен бірлесіп, Париждегі XVII Паралимпиадалық жазғы ойындарға қатысуына орай еліміздің ұлттық құрамасының спортшыларына арналған фотокөрме ұйымдастырды.
Ү.ж. 10 қыркүйекке дейін Елшілікте өтетін фотокөрмеде пара дзюдо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара каноэ, пара үстел теннисі, пара жеңіл атлетика, пара таэквондо сияқты спорт түрлерінен тоғыз қазақстандық шебер, сондай-ақ отырып ойнау волейболынан бір құрама команда бейнеленген. Әр түрлі кедергілерге қарамастан, халықаралық спорттық жарыстарда бірнеше рет жеңіске жеткен спортшыларымыз ерік-жігерін көрсетіп, өмірлік қиындықтарды жеңуге және жаңа мүмкіндіктер табуға шабыттандырады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен 33 лицензия алды. Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов (отырып ойнайтын волейбол) және Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева (пара оқ ату) ү.ж. 28 тамызында Парижде өтетін Ойындардың ашылу кезінде ту ұстаушылар болып табылады.