Париж, 2024 жылғы 15 мамыр – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Париждің Жоғары коммерциялық мектебінде (HEC) елдің экономикалық әлеуетімен және инвесторларды тарту бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Гибридті форматта «HEC Alumni» қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға 60-қа жуық адам қатысты, олардың арасында бизнесті басқарудың табысты тәжірибесі бар.
HEC мектебінің түлектері мен қазіргі студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде Елші Қазақстанда табысты іске асырылып жатқан экономикалық реформалар, инвестициялық саясат пен преференциялар, елде бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ ҚР Үкіметінің ұлттық экономикаға шетелдік инвестицияларды тартудағы басты рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму кезеңдері туралы баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азияның жетекші экономикасы және Францияның аймақтағы жалғыз стратегиялық серіктесі болып табылатынына ерекше назар аударылды. Біздің еліміз француз атом электр станциялары үшін уранның бірінші жеткізушісі және мұнайдың екінші жеткізушісі болып табылады, осылайша Францияның энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосты. Өз кезегінде француз компаниялары Қазақстан экономикасының түрлі секторларына 19 млрд АҚШ доллардан астам инвестиция салды.
Кездесу соңында «сұрақ-жауап» сессиясы барысында қатысушылар Қазақстанның өсіп келе жатқан геостратегиялық рөлін атап өтіп, жүргізіліп жатқан реформаларға, сыртқы саясат саласындағы жекелеген бастамаларға, инвестициялаудың перспективалық бағыттарына, сондай-ақ елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту басымдықтарына қызығушылық танытты.