Париж, 2024 жылғы 11-12 мамыр – Париждің 17-ші округі мэриясының қолдауымен Қазақстан Елшілігі Франциядағы қазақстандық әйелдер қауымдастығы «QazElles»-мен бірлесіп француз елордасының төрінде киелі шаңырағымыз Киіз үйді құрып, қала тұрғындары мен қонақтарына «Қазақ ауылы/Village kazakh» есігін айқара ашты.
Ашылу салтанатына Қазақстанның Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Париждің 17-ші округінің мэрі Жоффруа Булар, Францияда аккредиттелген Орта Азия елдерінің елшілері және де басқа дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, сондай-ақ көптеген қазақ диаспорасының, қоғамдық топтардың өкілдері қатысты.
Екі күн бойы қазақ этноауылына келген қонақтар дәстүрлі киіз үй жасаудың тарихымен, ұлттық нақыштағы заманауи қолөнер шеберлерінің тұрмыс салт бұйымдарымен және француз тіліндегі ұлы ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларымен танысты. Сондай-ақ, француз фотографы Л.Лагардың еліміздің табиғи әрі көрікті жерлеріне арналған фотокөрмесі де орын алды.
«Қазақ ауылын» тамашалауға жиналған жұртшылықты Парижге арнайы келген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының әрістері Р.Оразбаева, В.Табыс және Р.Мақымов күміс күй мен асқақ әнмен тамсандырды. Табиғаттың шексіз сұлулығы, көшпелі халықтың бостандық рухы мен даналығы толысқан Ұлы даланың музыкасы көрермендерді бей-жай қалдыра алмады.
Француздар және әлемнің әртүпкірінен келген саяхатшылар қазақстандық тағамдардан – қазы, қуырдақ, құрт, жент және де басқа өнімдерден дәм татты.
Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың белгісіндей болған Этноауыл екі мемлекет арасындағы достықты дәріптеуге өз үлесін қосты.