18 маусымда «Қазіргі жаңа кезеңдегі туризмнің даму келешегі» тақырыбында вебинар өтті. Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бірлесіп ұйымдастырған шараға 40-тан астам қазақстандық және француздық туристік индустрия өкілдері қатысты. Шараның спикерлері ретінде ҚР Елшісі Жан Ғалиев, Францияның Туроператорлар қауымдастығының (SETO) Бас хатшысы Юрген Бахманн, Париж Туризм орталығының бас директоры Корин Менего және «Atout France» ұлттық туристік агенттігінің аймақтық директоры Инесса Короткова сөз сөйледі.
Ж.Ғалиев екі ел арасындағы өзара байланыстың дамуы туралы айтып, туризм саласы ынтымақтастықтың маңызды және перспективалы бағыты екенін атап өтті.
Өз кезегінде SETO Бас хатшысы Ю.Бахманн пандемиядан кейінгі кезеңде туризмнің даму болжамдары, карантиннен кейін туризмді қалпына келтіру технологиялары туралы айтып, қазақстандық туроператорларға өз ұсыныстарын берді. Ю.Бахманның айтуынша, Қазақстан француздарға табиғи, тарихи және мәдени туризм түрлерімен тартымды.
Әлемдегі туристер ең көп баратын қалалардың біріндегі туристік бюро басшысы К.Менего жаңа жұмыс әдістері мен Париж туристік қауымдастығына қолдау шаралары туралы ақпарат берді және Қазақстанның аймақтық туристік орталықтарымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін білдірді.
«Atout France» ұлттық агенттігінің өкілі И.Короткова 1 шілдеден бастап Франция Шенген аймағынан тыс мемлекеттерге эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп шекараларды ашуды бастайтынын хабарлады. Оның айтуынша, жақында жүргізілген сауалнамалар пандемиядан кейінгі кезеңде туристерді Қазақстанның әлеуеті бар демалыстың белсенді түрлері қызықтыратындығын көрсетті.
Онлайн кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар туристік саланы қалпына келтіру мәселелерін шешуде өзара байланыса жұмыс істеуге уағдаласты.
Вебинардан кейін Қазақстан Елшісі «Dianeige» компаниясының президенті Луи Гилимен жеке кездесу өткізді. Овернь-Рона-Альпы аймағындағы ҚР құрметті консулы Эрве Броннердің қатысуымен өткен әңгіме барысында француз компанияларын Қазақстандағы туристік жобаларға тарту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, компания басшысы ең жоғары экологиялық және әлеуметтік-экономикалық талаптарды ескере отырып, француздық мамандар әзірлеген Түркістан облысындағы жоғары технологиялық «Қасқасу» тау шаңғысы курортының дизайн-жобасын таныстырды.