
Париж, 2024 жылғы 29 ақпан - Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде қыпшақ даласынан шыққан Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы аясында режиссер Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» атты француз тіліндегі субтитрлермен көркем фильм көрсетілді.
Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова өз сөзінде қазақ және мысыр халықтары арасындағы байланыстардың мамлюк заманынан, атап айтқанда Сұлтан Бейбарыс билігінен бастау алатын терең тарихи тамыры бар екенін атап өтті. Ол тарихта тек ұлы қолбасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар мешіттер мен медреселер салуға, ғылым мен білім беруді дамытуға баса назар аударған билеуші ретінде терең із қалдырды. «Сұлтан Бейбарыс - түркі халықтарының тарихындағы көрнекті тұлға, ал оның тағдыры қазақ даласымен тығыз байланысты. Осыған байланысты, Сұлтан Бейбарыс сияқты жан - жақты тұлғаның өмір жолын зерттеу әлемдік ғылыми қоғамдастық үшін тарихи құндылық пен өзектілікті білдіретіні сөзсіз», - деді дипломат.
Фильмнің көрсетілімі Мысырдың Франциядағы Елшісі Юсуф Алааның қатысуымен өтті. Мысыр елшісі Сұлтан Бейбарыс Мысырдың ұлттық батыры екенін, оның мұрасы қазақ пен мысыр халықтары арасындағы достықтың мызғымас көпірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол 2023 жылы Қазақстан мен Мысыр үкіметтерінің бірлескен күш-жігерімен орындалған қалпына келтіруден кейін ашылған «Сұлтан Әл-Захир Бейбарыс» мешіті - әлемдік мәдени мұраның бірегей нысанына назар аударды.
Көркем фильм үлкен қызығушылық тудырды және көрермендердің оң пікірлеріне ие болды. Іс-шараға Мысыр, Орталық Азия, Кавказ мемлекеттерінің дипломаттары, француз тарихшылары мен сарапшылары, сондай-ақ қазақ диаспорасының көптеген өкілдері қатысты.