
Париж, 2024 жылғы 31 қаңтар - Парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде ФР Парламенті Сенатының депутаттарымен, «Франция – Орталық Азия» достық тобының мүшелерімен кездесу өтті.
Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова өз сөзінде елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы, оның ішінде елдегі заң шығарушы биліктің рөлін күшейту бойынша қабылданған шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 2024 жылы елдеріміздің екіжақты күн тәртібіндегі маңызды іс-шаралар туралы, оның ішінде екі мемлекет басшыларының төрағалығымен қыркүйек айында Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-ші сессиясы аясында «One Water Summit» саммитін өткізу туралы хабардар етті. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың қараша айында Астанаға сапары барысында Франция Президенті Э.Макронмен қол жеткізген уағдаластығы болып табылады.
Өз кезегінде француз сенаторлары Қазақстанның Франция мен Еуропа үшін өсіп келе жатқан стратегиялық маңызын растап, Қазақстан-Франция қатынастарын одан әрі жан-жақты нығайтуға елеулі үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді. Осыған байланысты олар екі елдің Сенаттары арасындағы парламентаралық диалогты одан әрі дамыту, атап айтқанда, достық топтары делегацияларының сапарларымен алмасуды жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің өңірлері арасында әріптестік байланыстар орнату жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.