Париж, 2024 жылғы 19 қаңтар - Францияның Бельфор қаласында «Focus Kazakhstan» мәдени маусымының ашылуы өтті. Бұл жоба Қазақстан мен Франция мәдениет министрлерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба аясында «GRRRANIT» Ұлттық сахнасы француздарды қазақтың музыкалық өнері мен мәдениетімен таныстыру мақсатында дәстүрлі және классикалық музыка топтарын шақырып, концерттерді жылдық бағдарламасына енгізді.
Мәдени маусымды «Тұран» этно-фольклорлық тобы, «Гүлдер» халық биі ансамблі және «Қазақконцерт» МКҰ солистері ашты. Дәстүрлі әуендер қазақ халқы тарихының негізгі кезеңдері туралы бейнекадрларымен сүйемелденді. Домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы және басқа да ұлттық аспаптар арқылы музыканттар француз жұртшылығына халықтың рухын, оның мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін жеткізуге ұмтылды.
400 адамдық концерт залы көрерменге, олардың ішінде Францияның басқа да қалаларынан арнай келген француздарға толы болды. Олар халық өнерпаздарды сахнаға қайта-қайта шақырып, ризашылықпен қол шапалақтады. Концерттен кейін көрермендер қызығушылықтарын тудырған жаңа елдің мәдениетімен танысу әсерлерімен бөлісіп, мәдени бағдарламаның жалғасуын асыға күтетіндерін атап өтті. Мәдени фестивальдің бағдарламасы 2024 жылғы маусымға дейін жалғасады.