Қазақстан мен Франция арасындағы парламентаралық диалогты нығайту туралы

Қазақстан мен Франция арасындағы парламентаралық диалогты нығайту туралы

Париж, 2024 жылғы 17 қаңтар – Парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру шеңберінде Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Ұлттық Ассамблея депутаттарымен, оның ішінде «Франция – Қазақстан», «Франция-Орталық Азия» достық тобының мүшелерімен кездесу өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды қоса алғанда, еліміздегі негізгі өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Елші заң шығарушы биліктің рөлін күшейту, саяси партиялар мен азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыру, сондай-ақ құқық үстемдігін нығайту және адам құқықтарын қорғау бойынша қабылданған шараларға назар аударды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат маңызды халықаралық бастамалар мен өңірлік жобалар туралы, атап айтқанда, Франциямен бірлесіп екі мемлекет басшыларының төрағалығымен биыл қыркүйек айында Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы аясында «One Water Summit» саммитін өткізу туралы хабардар етті.

Өз кезегінде француз депутаттары іске асырылған реформалардың, әсіресе саяси жүйені демократияландыру саласындағы нәтижелерін жоғары бағалады және алдағы уақытта барлық көзделген мақсаттарды табысты іске асыруды тіледі. Қазақстанның Франция мен Еуропа үшін өсіп келе жатқан стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, екіжақты әріптестіктің жаңа динамикасы мен сапасын құптады. Осы тұрғыда Қазақстан-Франция қатынастарын одан әрі жан-жақты нығайтуға елеулі үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді. Осыған байланысты олар екі елдің парламентаралық диалогын одан әрі нығайту, атап айтқанда, екі елдің достық топтары делегацияларының сапарларымен алмасуды жүзеге асыру, сондай-ақ басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.