Париж, 2023 жылғы 14 қараша - Қазақстанның Париждегі Елшілігі Еуропа және сыртқы істер министрлігі жанындағы "Bienvenue en France" қауымдастығымен бірлесе отырып, Францияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың өкілдерін Қазақстанның қазіргі дамуының әртүрлі аспектілерімен, еліміздің мәдени мұрасымен және көпвекторлы дипломатиясымен таныстырды.
Қазақстан Елшісі Г.Арыстанқұлова өз сөзінде Франция президенті Э.Макронның жақында Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысына баса назар аудара отырып, қазақстан-француз стратегиялық серіктестігінің ағымдағы дамуы мен келешегі туралы айтып берді.
Өз кезегінде, "Bienvenue en France" қауымдастығының президенті В.Дебиевр шетелдік дипломаттардың атынан мәдениеттер мен халықтарды жақындастыруға үлкен үлес қосатын халықаралық қоғамдастықтың белсенді және жауапты мүшесі болып табылатын Ұлы дала елімен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Іс-шара қонақтарына Франция президентінің Астанаға сапарының қорытындысы туралы француз тіліндегі деректі фильм, туристік әлеует туралы бейнероликтер көрсетілді, сондай-ақ Қазақстанның қалалары мен табиғаты бейнеленген көрме ұсынылды. Кездесуге қатысушылар дәстүрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.