Франция астанасында дипломатиялық қабылдау өтті

Франция астанасында дипломатиялық қабылдау өтті

Париж, 2023 жылғы 25 қазан - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Ұлттық мереке - Республика күніне орай ресми қабылдау өткізді. Іс-шараға Францияның мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері, парламентшілер мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ Францияның мәдениет және ғылым саласының, Парижде аккредиттелген дипломатиялық корпустың және Францияның түрлі қалаларында тұратын отандастарды қоса алғанда, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қабылдаудың ашылуында Қазақстанның Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова және Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі Министр-делегат, және Үкіметаралық экономикалық комиссияның тең төрағасы Оливье Бешт сөз сөйледі.

Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің он бес жылдығында Қазақстан Республикасының Елшісі мен Министр-делегат достықтың, өзара түсіністік пен өзара қолдаудың берік байланыстарына негізделген екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастың ерекше сипатын атап өтті.

Өзара мүддені, тұрақты және сенімді саяси диалогты білдіретін барлық салалардағы екіжақты байланыстардың жоғары динамикасы, сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы барлық бағыттар бойынша стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ортақ ұмтылыс атап өтілді.