Париж, 2023 жылғы 25 қыркүйек - Атақты Франция Институтының (Institut de France) тарихи ордасында Қазақстан Елшілігі Саяси және әлеуметтік ғылымдар академиясымен бірлесіп «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы Еуропалық және америкалық карталарындағы қазақ мемлекеті» атты атлас-кітабының тұсаукесерін өткізді.
Саяси және әлеуметтік ғылымдар академиясының Тұрақты хатшысы Бернар Стирн мырзаның модераторлығымен өткен іс-шараға атақты француз академиктері, тарихшылары, Географиялық және Азия қоғамдарының мүшелері, саясаттанушылары, қоғамдық және ғылыми топтарының өкілдері, сондай-ақ Орта Азия мемлекеттерінің елшілері қатысты.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова бұл еңбек еліміздің мемлекеттілігінің дамуының негізгі кезеңдерін көрнекі түрде бейнелейтінін және Қазақ мемлекетінің Еуропада XV ғасырда құрылғаннан бері белгілі болғандығының тағы бір дәлелі екенін атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат француз мұрағаттарынан табылған карталар Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстар 1992 жылы ресми дипломатиялық қатынастар орнағаннан әлдеқашан бұрын қалыптаса бастағанын айғақтайтынын атап өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры М.-А. Сыдықназаров көп жылдар бойы жүргізген жұмысының нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Аталған зерттеулер Еуропа мен АҚШ елдерінің әртүрлі мұрағаттарында жиналған кең картографиялық материалды жүйелеуге, жалпылауға және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған еліміздегі алғашқы әрекет болып табылатынын айтып өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық зерттеуші XVI-XIX ғасырлардағы француз карталарына ерекше назар аударып, онда Қазақ мемлекеті әртүрлі экзоэтнонимдер, экзополитонимдер, экзократонимдермен белгіленгенін мәлімдеді («Pays des kassaks», «Chazalgites», «Royaume des chazalgites», «Kassacia Horda»). Жоғарыда аталған атаулардың Франция мен басқа да еуропа елдерінің саяси карталарында жүйелі түрде бекітілуі Қазақ мемлекеті дамуының үздіксіз сипатын растайтынын баса айтты. Жаңа ғылыми тәсілдерді және әлі зерттелмеген материалдардың үлкен көлемін ескере отырып, ізденістерді, оның ішінде Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми ынтымақтастық шеңберінде жалғастыруға ниет білдірді.
Талқылау барысында француз академиктері, тарихшылары мен картографтары М.-А.Сыдықназаровтың еңбегіне шынайы қызығушылық танытып, ғылыми еңбектің қорытындылары тарих, картография, география ғана емес, сонымен қатар лингвистика, этнография, мәдени антропология, халықаралық қатынастар саларында да құнды ақпараттың тұтас жиынтығына қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр деп пайымдады.
Француз сарапшылары жүргізілген зерттеулердің нәтижелері орта ғасырлар мен қазіргі заман кезеңіндегі Қазақстан тарихын зерттеудегі ғылыми ақтаңдақтарды анықтауға көмектеседі деген пікір білдірді.
Іс-шараға қатысушылар Саяси және әлеуметтік ғылымдар академиясында ұйымдастырылған көрмеде бірқатар карталармен танысты.
Сонымен қатар, атлас-кітаптың бір данасы Академияға сыйға тартылды, ол 1795 жылы құрылғаннан бері құнды материалдар мен артефактілерді сақтап келген кітапханада лайықты орын алатын болады.
Кітап 2021 жылы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрді. Онда хронологиялық тәртіпте 1562 жылдан 1879 жылға дейінгі 130 ортағасырлық картаның толық деректері мен ғылыми-техникалық параметрлері ұсынылған.
Франция Институты - әлемдегі ең көне және беделді академиялардың бірі. Ол 1795 жылы құрылған және 5 Академиядан тұрады: Француз академиясы (тілді зерттеу), Жазбалар және көркем әдебиет академиясы, Ғылым академиясы(физика және математика), Бейнелеу өнер академиясы, Саяси және әлеуметтік ғылымдар академиясы.