Париж, 2023 жылғы 4 шілде - Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің 15 жылдығына орай Франция Ұлттық Ассамблеяның «Франция-Қазақстан» достық тобының жаңа төрағасы Натали Озиоль мен оның құрылған мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова еліміздің дамуының оң динамикасын, болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, сондай-ақ Парламентке өткен кезектен тыс сайлаудағы жаңа сайлау процесін ерекше атап өтіп, қатысқан саяси партиялармен таныстырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылғы Парижге сапары стратегиялық әріптестіктің дамуына жаңа серпін бергені атап өтілді.
Тараптар соңғы жылдары екіжақты саяси байланыстардың маңызды құрамдас бөлігіне айналған парламентаралық ынтымақтастықтың дәйекті дамуын атап өтті.
Депутаттар өз кезегінде елімізде болып жатқан өзгерістерден хабардар екенін, Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап, екі мемлекет арасындағы қатынастарын нығайту перспективалары мен жолдарын белсенді зерттеп жүретіндерін жеткізді. Осыған орай, олар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі әр салада дамытуға мүдделі екендерін мәлімдеді.
Кездесу қорытындысы бойынша делегациялармен алмасу арқылы екіжақты парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
2023 жылдың ақпан айында құрылған достық тобының құрамы Францияның әр түрлі саяси партияларының өкілдерінен тұрады. 2022 жылы осы елде өткен парламенттік сайлауға байланысты Достық тобы қайта құрылды.