Париж, 2023 жылғы 23 маусым – Шығыс тілдері мен өркениеттерінің ұлттық институтында (INALCO) Қазақстанның заманауи дамуына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, INALCO президенті Жан-Франсуа Юше, INALCO қорының президенті Филипп Адвани, INALCO профессоры, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеуші Катрин Пужоль, сондай-ақ басқа да Қазақстанның дамуының әртүрлі аспектілерін зерттейтін француз мамандары қатысты.
Өз сөзінде Елші Г.Арыстанқұлова елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Елші еліміздің өңірлік және халықаралық деңгейдегі жаһандық мәселелерді шешудегі маңызды рөлін атап өтті. Осы орайда қазақстандық дипломат маусым айында өткен Астана халықаралық форумының негізгі қорытындылары туралы толық мағлұмат берді.
Өз кезегінде француз сарапшылары экономика, тарих, география саласындағы өз қызметтерінің негізгі бағыттарымен таныстырса, Қазақстан бойынша мамандар жобалар мен жоспарлардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.
Пікірталас барысында Қазақстан-Франция қарым-қатынастарын нығайтудағы ғылым және білім саласының маңыздылығы жөнінде пікір алмасу болып, екі елдің сарапшылары мен зерттеушілері арасында академиялық алмасуды жолға қою перспективалары талқыланды. INALCO-да қазақ тілін оқыту бөлімінің жақын арада қызметін қайта жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Іс-шара соңында елшінің INALCO докторанттарымен және басқа да француз сарапшыларымен кездесуі өтті.