Қазақстан Елшілігінің бастамасымен және француз тарапының шақыруымен 2023 ж. 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Парижге сапары өтті. Сапарға ҚР-дың бірқатар ірі агрокомпаниялары қатысты.
Сапар аясында қазақстандық делегация ең ірі іс-шара болып табылатын SIA ауыл шаруашылығының халықаралық көрмесіне барды.
Француз әріптесі Марк Феномен екіжақты кездесу барысында тараптар мал шаруашылығы жобаларына баса назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады және тұрақты байланыста болуға келісті.
Қазақстандық министр көрменің стендтеріне барып, асыл тұқымды мал шаруашылығы және дәнді дақылдар тұқымын селекциялау саласындағы озық француз технологияларымен танысты.
Сол күні Е.Қарашөкеевтің Халықаралық Эпизоотиялық Бюросының Бас директоры Моник Элуамен кездесуі ұйымдастырылды, оның барысында сұхбаттасышулар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің стандарттарын арттыру мақсатында өзара іс-қимылдың одан әрі жолдарын белгіледі.
1 наурызда MEDEF кәсіпкерлер қауымдастығының алаңында екі елдің мемлекеттік органдары мен агроөндірушілерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті.
Елші Гүлсара Арыстанқұлова өзінің алғы сөзінде қатысушыларды Қазақстанның саяси және экономикалық дамуының негізгі бағыттары, Франциямен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы хабардар етті.
Министр Е. Қарашөкеев өз баяндамасында аудиторияны еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытудың заманауи үрдістерімен таныстырды.
Сұрақтар сессиясы барысында мал шаруашылығы, ирригация, машина жасау және тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпкерлер француз серіктестерімен B2B форматында келіссөздер жүргізді.
Жалпы, іс-шара екі ел аграрийлерінің өзара тиімді серіктестікті дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті.