Париж, 2022 жылғы 14 қараша - Қазақстанның Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Овернь-Рон-Альп аймағындағы Құрметті консулы Софи Сидосты қабылдады.
Сұхбаттастар Қазақстанға инвестициялар тартуға және жаңа жобаларды іске асыру, елімізде инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша француз жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, француз өңірінде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының мүдделерін қорғауға байланысты мәселелерді қарады.
Кездесу барысында алдағы президенттік сайлауға дайындық барысы, сондай-ақ саяси жүйені жаңғырту мен жаңа экономикалық саясатты іске асыру шеңберінде елімізде қабылданып жатқан шаралар талқыланды .
Өз тарапынан С.Сидос Қазақстан мен Франция арасындағы ресми, ғылыми және мәдени байланыстардың қарқындылығының артып келе жатқанын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін белсенді өзара іс-қимылға ниеттілігін қуаттады.
Овернь-Рона-Альп аймағы Францияның шығысында орналасқан. Халқының саны 8,0 млн адамды құрайды. Аймақтың әкімшілік орталығы - Лион қаласы.
Аймақтың экономикасы Францияның облыстары арасында көлемі және өнеркәсіптік өндірісі бойынша екінші болып табылады.