Парижде Республика күні атап өтілді

Парижде Республика күні атап өтілді

Париж, 2022 жылғы 24 қазан – Францияның астанасында Ұлттық мереке - Қазақстан Республикасы күніне орай салтанатты қабылдау өтті.

Іс-шараға Франция Парламентінің депутаттары, Еуропа және сыртқы істер министрлігінің басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, іскер топтардың, шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның өкілдері, Парижде аккредиттелген дипломатиялық және әскери миссиялардың басшылары, сондай-ақ Францияның әртүрлі қалаларында тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен отандастары қатысты.

Ресми рәсім барысында Eurovision Junior-2021 байқауының финалисті Бекнұр Жәнібекұлы екі елдің әнұрандарын тамаша орындады.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, сондай-ақ кештің құрметті қонақтары Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз істері жөніндегі Министр-делегаты және Үкіметаралық экономикалық комиссияның тең төрағасы Оливье Бешт пен ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара барысында қазақ және француз шығармаларын орындаған әртістер Анара Хасенова, Сильвен Блассель және Наргиз Ережепова қазақ-француз триосы өнер көрсетті.

Сонымен қатар, Қазақстандық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының қолдауымен "Ұлы Жібек жолы" көрмесі өтті, онда "The Planet of Art-2022" байқауының жеңімпаздарының суреттері ұсынылды.