
6 қазанда ҚР Франциядағы Елшілігінің ұсынысымен МЕДЕФ ең ірі француз кәсіпкерлер қауымдастығының алаңында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси және экономикалық реформаларды түсіндіруге, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Кездесу Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің кезекті сессиясы аясында және оның тең төрағалары Ив-Луи Даррикаррер мен Айдан Кәрібжановтың қатысуымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Францияның жетекші компанияларының 30-дан астам басшылары, сондай-ақ Францияның бірқатар мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ҚР Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистері, алдағы президенттік сайлауға дайындық барысы туралы, сондай-ақ қазақстан-француз стратегиялық әріптестігінің перспективалық бағыттары туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, Елші Францияның ірі бизнесімен қатар, болу елінің шағын және орта кәсіпорындарын қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, агроөнеркәсіп, «жасыл» энергетика, көлік-логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа да бірқатар салалардағы өзара тиімді жобаларды іске асыруға шақырды.
Іс-шараға қатысушылардың назары Қазақстан экономикасының қажеттіліктері үшін Францияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында инженерлік-техникалық кадрларды даярлау бағытында кәсіпорындардың көмегінің маңыздылығына аударылды.
Өзара сауданы әртараптандыру мақсатында француз бизнесінің өкілдеріне Францияның нарығына бағдарланған қазақстандық өнімдердің тізбесі де ұсынылды.
Француз компаниялары баяндалған ақпаратты қызығушылықпен қабылдап, Қазақстанның Франция үшін аймақтағы негізгі экономикалық серіктесі ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Компания басшылары экономиканың түрлі секторларында өзара іс-қимылды одан әрі арттыру жолдары туралы көзқарастарымен бөлісті. Атап айтқанда, бизнес-байланыстарды жандандыру және туристік ағындарды ұлғайту үшін екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта бастаудың маңыздылығы айтылды.