Француз сенаторлары Қазақстандағы реформаларды қолдайтындарын білдірді

Француз сенаторлары Қазақстандағы реформаларды қолдайтындарын білдірді

21-ші қыркүйекте Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Француз Республикасы Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қарулы күштер комитеті төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті, Нормандия аймағынан сайланған сенатор Паскаль Аллизар және “Франция-Орталық Азия” тобының басшысы сенатор Эрвэ Морэмен кездесті.

Қазақстан Елшісі сенаторлардың назарын еліміздің саяси жүйесін терең жаңғыртуға бағытталған реформаларға ерекше аудара отырып, Қазақстан Президентінің Жолдауының негізгі тезистері және алдағы кезектен тыс президенттік сайлау туралы хабардар етті.

П.Аллизар Қазақстан Президентінің Жолдауымен мұқият танысып шыққанын, қолға алынған реформалардың өзекті екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық реформалар сәтті жүзеге асырылып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосатынына  баса назар аударды.

Өз кезегінде Э.Морэ Президент Қ.Тоқаевтың бастамаларын құптап, олардың Қазақстанның болашағына жағымды әсерін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, француз сенаторы екі ел парламенті жоғары палаталарының ынтымақтастықтарын арттыруда “Франция-Орталық Азия” тобының мүшелері барынша ат салысатынына сендірді.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге келісті. Француз сенаторлары алдағы қараша айындағы белгіленген еліміздегі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыруда  сәттілік тіледі.