Парижде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды

Парижде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды

Париж, 2022 жылғы 14 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша француз сарапшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікірталас сессиясы өтті.

Кездесуді ашқан Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова қатысушыларды Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың негізгі бастамалары және басты бағыттарымен таныстырып, олардың маусым айындағы референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық қайта құрулардың қисынына толық сәйкес келетінін атап өтті.

ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіре отырып, Мемлекет басшысы баяндаған экономикалық тәсіл Қазақстанмен өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша Ұйымының жұмысына сәйкес келетініне назар аударды. Ол әсіресе фискалдық әкімшілендіру, жер қойнауын пайдалану мен жер қатынастары саласындағы реформаларды ерекше құптады. Сонымен қатар сөз сөйлеуші бәсекелестік нарықты құру, инвестицияларды ынталандыру, бюджеттеудің жаңа ережелерін енгізу бойынша шараларды тиімді қолданудың маңыздылығын атап өтті. Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін толыққанды пайдаланудың маңыздылығына баса назар аударды.

Орталық Азия елдері бойынша сарапшы, Француз халықаралық қатынастар институтының (IFRI) зерттеушісі Микаэль Левистоун Президент Қ.Тоқаевтың саяси жүйені қайта форматтауға, оның ішінде парламент өкілеттігін кеңейтуге, партиялық плюрализмді дамытуға, орталықсыздандыруға, сондай-ақ әлеуметтік саланы ауқымды жаңғыртуға бағытталған бастамаларының дер кезінде жасалғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы жүзеге асыру бүкіл саяси жүйені қайта іске қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Профессор, Академиялық пальмалар орденінің кавалері, ҚР Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Альбер Фишлер Қазақстанның өсіп келе жатқан рөлі мен Президент Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы беделін атап өтті. Ол Рим Папасының апостолдық сапары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің табысты өтуімен құттықтай отырып, Қазақстанның әлемдегі дінаралық және этносаралық диалогты қолдау ісіне қосқан зор үлесін тілге тиек етті. "Қазақстандық қоғам үйлесімділік пен бірлікті сақтайды. Тарихтың ең күрделі кезеңдерінде қазақ халқы миллиондаған депортацияланған адамдарды этникалық немесе діни белгілері бойынша бөліспей қабылдады", - деп еске салған А.Фишлер, бұл әлемдегі геосаяси шиеленістің өршуі жағдайында көптеген мемлекеттер үшін жарқын үлгі болып табылатынын атап өтті.

Франция премьер-министрі төрағалығындағы Ұлттық индустриялық кеңес жанындағы Атом секторы компанияларының уәкілі Эрве Майар Президент Қ.Тоқаевтың бастамаларына жоғары баға беріп елдің транзиттік-көліктік әлеуетін ашудың, ҚР-ны өңірлік хабқа айналдырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол француз компанияларының бейбіт атомды пайдалану, ҚР-да энергияның жаңа түрлерін дамыту саласындағы ынтымақтастыққа мүдделілігін еске салды. Ол алдағы айларда француз мамандарының басшылығымен Қазақстанға бару ниеті туралы хабарлады.

Сарапшылардың сөз сөйлеулерінің қорытындысы бойынша француз мемлекеттік органдары, іскер топтар өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, журналистер мен Парижде тұратын отандастарымыздың қатысуымен мүдделі пікірталас болып, оның барысында бірқатар сындарлы ұсыныстар айтылды.

Қазақстан Елшісі іс-шара қонақтарына олардың түсінктемелері және ұсыныстары үшін алғысын білдіріп, француз серіктестерімен Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша тығыз диалогты жалғастыруға дайындығын білдірді.