Парижде қазақстан-француз сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

Парижде қазақстан-француз сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Парижге жұмыс сапары аясында Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Мемлекеттік хатшысы, экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстандық-француздық Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Жан-Батист Лёмуанмен кездесу өткізді. Жан-жақты талқылау барысында екіжақты сауда-экономикалық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл, соның ішінде 2020 жылғы маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясына Францияның қатысу мәселелері талқыланды.

Соңғы жылдардағы өзара сауданың дамуындағы оң динамикасын бағалай отырып, Б.Сұлтанов оны әрі қарай әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Министр, сондай-ақ, Қазақстан француз компанияларының жобаларын іске асыру және олардың аймақтағы бизнестерін кеңейту үшін сенімді және тиімді алаң болып қала беретініне баса назар аударды. ДСҰ песпективаларын талқылай отырып, Б.Сұлтанов Қазақстан сауда даулары, санкциялар және ұйымды реформалау сияқты өзекті мәселелер бойынша жетекші қатысушы елдердің ұстанымдарын жақындастыруға бар күшін салатынын айтты.

Өз кезегінде, Жан-Батист Лёмуан Қазақстан Францияның маңызды стратегиялық серіктесі және Орталық Азия аймағындағы француз компаниялары қызметінің негізгі бағыты екендігіне сендірді. Сонымен қатар, алдағы министрлік конференциясына өз қатысуын растап, Мемлекеттік хатшы Нұр-Сұлтанда өтетін келіссөздердің нәтижелері бойынша мазмұнды декларация қабылданатынына және бұл ДСҰ қызметіне жаңа серпін беруіне сенім білдірді.  

Кездесуге Қазақстанның Елшісі Жан Ғалиев және Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша Францияның Еуропа және сыртқы істер Министрінің арнайы өкілі Паскаль Лоро қатысты.