ҮАК тең төрағалары Парижде кездесті

ҮАК тең төрағалары Парижде кездесті

Париж, 2022 жылғы 14 маусым – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың Парижге жұмыс сапары шеңберінде Француз Республикасының Еуропа және Сыртқы істер министрі жанындағы Сыртқы сауда және тартымдылық жөніндегі министр-делегат Франк Риестермен кездесті.

Әңгімелесу барысында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары екі тараптың стратегиялық әріптестікті кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ басым салалардағы сауда, экономикалық, технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға деген ниетін растауға мүмкіндік берген диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сындарлы келіссөздер прагматизм мен өзара сенім рухында өткенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, француз кәсіпорындарының Қазақстандағы белсенді жұмысқа деген жалпы көңіл-күйін атай отырып, Ф.Риестер Alstom компаниясының еліміздің экономикасына қосымша 50 млн. еуродан астам инвестиция салу ниетін растады. Сондай-ақ, ол француздық TotalEnergies жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыруды жалғастыратынын атап өтті.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің қатысуымен өткен кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруды ілгерілетуді қадағалауға және осы жылдың күзінде келіссөздердің келесі раундын ұйымдастыруға келісті.