Франция Президенті Қазақстан басшысын Парижге ресми сапармен келуге шақырды

Франция Президенті Қазақстан басшысын Парижге ресми сапармен келуге шақырды

Париж, 2021 жылы 14 желтоқсан - Франция астанасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті.

Іс-шараға Франция Парламентінің екі палатасының депутаттары, Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның қызметкерлері, сондай-ақ Парижде аккредиттелген дипломатиялық және әскери миссиялардың басшылары, қазақ диаспорасының өкілдері және Францияның әртүрлі қалаларында тұратын отандастары қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Франциядағы Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының негізгі кезеңдерін белгілеп, біздің еліміз Франциямен стратегиялық әріптестікті тұрақты түрде арттыруға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл ретте экономикалық байланыстар ғана емес, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та кеңеюде. Оның дәлелі жақында Парижде қазақтың ұлы ақыны, композиторы және ағартушысы Абай бюстінің ашылуы және екі мемлекеттің астаналары арасындағы ынтымақтастық туралы пактіге қол қою болды.

Қазақстандықтарды Туризм, шет елдердегі француздар, франкофония, шағын және орта кәсіпкерлік істері министрі Жан-Батист Лёмуан және ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эдуард Фирмин Матоко құттықтады.

Француз үкіметінің мүшесі 30 жыл ішінде қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы үлкен прогресті, сондай-ақ екіжақты қатынастардың тұрақты кеңеюін атап өтті. Ол қонақтарды Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстан Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтау хатымен таныстырды, онда Қазақстанның көпвекторлы саясатының тиімділігі, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдарының жақындығы атап өтілді. Сонымен қатар, 2022 жылдың басынан бастап Еуропалық Одақ кеңесін басқаруға дайындалып жатқан Э.Макрон қазақстандық көшбасшыны Парижге ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде, Эдуард Ф.Матоко ЮНЕСКО-ның Бас директоры атынан сөйлеген сөзінде Қазақстанның ұйыммен өзара іс-қимылының динамикасын атап өтті, сондай-ақ бірқатар көрнекті қазақстандық қайраткерлерді ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне қосылуымен құттықтады.

Кеш барысында қонақтарға Париждегі Қазақстан Елшілігі жанындағы «Қорқыт-Абай» мәдениет және білім беру орталығының мүшесі Әйгерім Ерсаинованың орындауында қобызда виртуозды ойын көрсетілді. Сондай-ақ, қазақстандық дизайнерлер Мәди Сыпатаев пен Гүлнұр Мәмежанованың жұмыстары көрсетілді. Жиналғандардың назарына қазақстандық суретшілер мен мүсіншілер Марат Бекеев, Андрей Нода және Эдуард Казарянның жұмыстарының көрмесі, сондай-ақ Лариса Инджуджянның жеке коллекциясынан қолдан жасалған түскиіз үйінің ішкі бұйымдарының көрмесі ұсынылды.