Француз бизнесі Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған жобаларға қатысуға қызығушылық танытуда

Француз бизнесі Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған жобаларға қатысуға қызығушылық танытуда

Париж, 2021 жылғы 16 қыркүйек – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының француз тіліндегі мәтінін жариялауы Францияның іскерлік және саяси топтары өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Осыған байланысты, Париждегі Қазақстан Елшілігіне Terranova компаниясының негізін қалаушы, 1999-2007 жылдар аралығында президент Жак Ширактың экономикалық дипломатияны ілгерілету бойынша арнайы кеңесшісі болған Валери Терранова, орталықсыздандырылған ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Орлеан қаласы мэриясының уәкілі Александр Уссар және Франция Ұлттық Ассамблеясының бұрынғы депутаты Ив Санзи құрамындағы бастамашыл топ жүгінді.

Әңгімелесу барысында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев тәуелсіздігіміздің 30 жылы бойы негізгі жетістіктері мен екіжақты стратегиялық әріптестікті дамыту туралы хабардар етті. Ол қазіргі санитарлық және экономикалық дағдарыс әрекеттесудің бұрынғы динамикасын қалпына келтіруге және әр түрлі секторлардағы өзара ынтымақтастықты арттыруға қосымша стимул ретінде қызмет ететінін атап өтті. Осыған байланысты, сұхбаттасушылар Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте жариялаған бастамаларын іске асыру аясында француз кәсіпорындары үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Атап айтқанда, сауда, агроиндустрия, жер қойнауын пайдалану, баламалы энергетика, су шаруашылығы, цифрлық технологиялар, медицина және ветеринария салаларындағы перспективалар қаралды.

Кездесуге қатысушылар бағдарламалық құжаттың сындарлығын және уақытылылығын атап өтті. Жоғарыда көрсетілген секторларда француз бизнесі тарапынан нақты ұсыныстарды талқылау үшін екі елдің компанияларының қатысуымен бірқатар тақырыптық кездесулер өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.