Қызылорда - Ножан-сюр-Марн, 2021 жылғы 8 шілде – Қызылорда қаласы мен Францияның Ножан-сюр-Марн қаласы (Иль-де-Франс өңірі) арасында бауырластық қатынастар орнату туралы келісімге онлайн қол қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР-дың Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев, Ножан-сюр-Марн қаласының мэрі Жак Мартэн, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достығы қауымдастығының президенті Яшар Динч және Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Елші Ж.Ғалиев екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық біздің стратегиялық әріптестігіміздің басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтіп, бауырластық орнату біздің қалаларымыздың дамуына, халықтарымыз бен мемлекеттеріміз арасындағы достықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова өз сөзінде: «Қазақстанды Франция Республикасымен, оның ішінде Ножан-сюр-Марн қаласымен ерекше ортақ тарихи байланыстар біріктіреді. Оның айқын дәлелі Франция мемлекеті Сыр өңірінен шыққан жерлесіміз, «Алашорда» қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше назар аударып, құрмет білдіріп келеді. ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқайға Франция біраз жыл пана болды. Бүгінгі күні Францияны өзінің екінші отаны ретінде көрген Мұстафа Шоқайдың құрметіне Ножан-сюр-Марн қаласында саябақ және мүсіні қойылғанын ерекше атап өткен жөн», - деді.
Өз кезегінде Ножан-сюр-Марн қаласының мэрі ҚР Елшілігіне бұл бастама үшін алғыс айтып, екі өңірдің ынтымақтастығы үшін әлеуетті бағыттарды ұсынды. Тараптар экономика, мәдениет, туризм және спорт саласында ынтымақтастықты жолға қоюға ниет білдірді. Қызылорда әкімі Ғ.Қазантаев болашақта Ножан-сюр-Марн қаласының құрметіне облыс орталығындағы көше немесе гүлзардың бірін атау жоспарланып отырғанын айтты.
Келісімге қол қою қорытындысы бойынша бауырластық құрметіне ҚР туы француз қаласы мэриясы ғимаратының алдында көтерілді және бұдан былай Ножан-сюр-Марнмен бауырластық байланыстарын орнатқан Италия, Польша, Португалия және Швейцария туларымен қатар Қазақстанның мемлекеттік рәмізі муниципалды алаңның қосымша әшекейі болады.
Мэр Ж.Мартэнмен жеке әңгімелесу барысында Елші Абай шығармаларының француз тіліндегі жинақтарын мэрия кітапхана қорына табыс етіп, мәдени байланыстар халықтар арасындағы достықты нығайту үшін ең үздік жолсерік болып табылатынын атап өтті.
Ножан-сюр-Марн қаласына сапары аясында Ж.Ғалиев Мұстафа Шоқайдың мүсініне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.