
Нуайе-Сен-Мартэн, 2021 ж. 8 мамыр - Еуропада екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 76 жылдығын атап өту күні Парижден солтүстікке қарай 100 шақырым жерде орналасқан Уаз департаментінің (О-де-Франс аймағы) шағын коммунасында фашист басқыншыларынан Францияны азат ету кезінде қаза болған кеңес сарбаздарының құрметіне орнатылған мемориалға Қазақстан Республикасының Елшісі Жан Ғалиевтің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Нуайе-Сен-Мартэн коммунасының мэрі Жак Тэньель және Бесінші Республика Парламентінің Ұлттық Ассамблеясындағы «Франция-Қазақстан» достық тобы төрағасының орынбасары, Уаз департаментінің депутаты Кароль Бюро-Боннар қатысты.
Француз саясаткерлері Францияны фашистік басқыншылардан азат еткені үшін өз өмірлерін қиған қазақстандық жауынгерлерге шынайы ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Елшісі коммунаның билігіне еске алу орны мен қаза болғандарды қайғырғаны үшін алғыс айтты.
1981 жылы құрылған Нуайе-Сен-Мартэн жауынгерлік қорымы Франциядағы ең үлкен кеңестік әскери зират болып табылады. Бұл жерде француз қарсыласу қозғалысы қатарында фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан 4643 Қызыл Армия жауынгерлері жерленген. Кеңес әскерлері мен офицерлерінің сүйектері мемориалдық зиратқа 1980 жылы Францияның солтүстік-шығыс бөлігіндегі көптеген жерлеу орындарынан әкелінді.