
Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев «Orano Mining» француз компаниясының бас директоры Николя Маэспен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар әлемдік уран нарығын дамыту үрдістері туралы пікір алмасты, сондай-ақ екі елдің уран өнеркәсібіндегі әріптестігін кеңейту мәселелерін талқылады.
Н.Маэс 1996 жылдан бастап «Orano» 1200-ге жуық жұмыс орнын құрған «КАТКО» бірлескен кәсіпорны арқылы Қазақстан экономикасына 1 млрд. еуро инвестициялағанын атап өтті. Оның айтуынша, жақын арада «КАТКО» сенімді және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде өзінің тау-кен өндіру кәсіпорнының жаңа секторын дамытуға қосымша 100 млн. еуро инвестициялауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, компания әлеуметтік және экологиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды жоспарлап отыр.
«Orano» - Францияның ірі халықаралық өнеркәсіптік тобы және атом өнеркәсібінің көшбасшысы. 1996 жылы «Orano» (51%) және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (49%) Түркістан облысындағы ірі уран кенішінің операторы болып табылатын «КАТКО» Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорнын құрды.